Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», - деп атап көрсетті.
Қай қоғамда, қай елде болмасын әліпби жасау немесе оны ауыстыру - бұл жалпыхалықтық, ұлттық мәселе. Сондықтан ол - саяси, мәдени, лингвистикалық, әлеуметтік-лингвистикалық, әлеуметтік, экономикалық және тағы басқа тұстардан ойланып, толғанып шешілетін маңызды әрі күрделі проблема. Бұл пікірін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Аман Абасилов білдірді.
«Біріншіден, мемлекеттің тіл саясатының бағытын танытса, екіншіден, төл әліпби, төл жазу қандай да бір ұлттың мәдени құндылығын, бет-бейнесін көрсетеді. Үшіншіден, тілдің табиғатына, даму заңдарына, фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысына лайықталып таңдалған, соған сәйкес орфографиялық, орфоэпиялық ережелерін жасауға икемді әліпби жасау лингвистикалық біліктілікті көрсетеді. Төртіншіден, таңдалып алынған әліпбиді қоғам санасы дұрыс қабылдап, тілдің қоғамдағы қызмет етуін толыққанды өтей алуы, тіл тұтынушылардың сол тілді еркін меңгеруіне ықпал етуі, тілдік бөгетті жеңе алуы мәселенің әлеуметтік-лингвистикалық қырын танытады. Бесіншіден, әліпби ауыстыру - бұл әрі тілдік реформа жүргізу деген сөз. Ал тілдік реформаның басқа реформалардан айырмашылығы - сол тілді тұтынушы халықтың әрбір мүшесіне дейін қамтитындығында. Сондықтан әліпби ауыстыру әлеуметтік мәселе болып табылады. Бұл үшін алдымен, халық арасында мәселенің мәнін ашып түсіндіру, ұғындыру, насихаттау т.б. жұмыстар жүргізілуі керек. Алтыншыдан, әліпби ауыстыру көп қаражатты қажет етеді. Демек, ол экономикалық жақтан нақтылы әрі тиімді шешілуі керек. Олай болса, осындай және бұдан да басқа мәселелерді жинақтап қорытындылайтын, бағыт-бағдар көрсететін үкімет тарапынан арнайы тұжырымдама қабылдануы тиіс.
Бізге неге әліпби ауыстыру қажет дегенге келсек, оның көптеген себептері бар. Біріншіден, тіліміздің табиғи заңдылықтары бұзылып барады. Өзге тілдің дыбысы, өзге тілдің сөзі, өзге тілдің ережесі өз тілімізді өгейсітіп, айтқанымыз жазғанымызға сәйкес келмей, өз сөзіміз өзіміздікі болмай отыр. Бұл әсіресе тіліміздің фонетикалық жүйесіне қатты әсер етті. Үндестік заңы тұншықты. Тіліміз әуезділігінен айырылды. Екіншіден, тіліміз осы заманғы ғылыми-техникалық прогеске икемді болмады, терминологиямыз жетіспейді деумен өзге тілдің сөзін аударамыз деп өзегіміз талды. Үшіншіден, өзге тілден сөз ауысу тоқтады. Кірме сөздер қазақтың айтылуына негізделмей, сол тілдің нұсқасында енді. Тіліміз «импортталған» сөздерге толды. Өзге тілден сөз алғанда оны басып, жаншып ұлттық дәстүрде алу керек деген принцип далада қалды. Міне, осындай және тағы басқа да фокторлар тілімізді дамытуға кедергі келтіріп отыр.
Жалпы әліпби адамдар ақылдаса отырып жасайтын, тіл дамытудағы саналы әрекеттердің бірі. Қазіргі таңда елімізде әліпби таңдау, оның ішінде латын графикасына негізделген қазақ жазуын жасау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Мұны мен қолдаймын. Өйткені орыс жазуына негізделген қазіргі қазақ жазуы ұлттық сипатынан ауытқып, басқа жаққа бет алып барады. Мұны күнделікті газет, журнал, ғылыми кітап, оқулықтардың кез келгенін алып, ондағы мәтіндердегі сөздерді орфографиясына қарай топтастырып, саралап көрсек, таразының бір басында қазақ тілінің заңдылығымен жазылған, екінші басында бөтен тілдің тәртібіне түскен алабөтен сөз үйірін байқаймыз. Жыл өткен сайын мұндай «импортталған» сөздердің саны еселеп көбейіп барады. Мұның өзі қазақ тілінің ежелден келе жатқан дәстүрлі нормасының бұзылу қаупін күшейте түседі, ал дәстүрлі нормасынан айырылған тіл қанатынан айырылған құстай дәрменсіз болып, қоғамдық қызметін ойдағыдай атқара алмайды.
Сондықтан тіліміздің төл табиғатын бұзбай сақтап қалу үшін қазіргі қазақ орфографиясын қалай болғанда да өзгертпей, реформаламасқа болмайды. Ал ол үшін қазақ тілінің фонетикалық жүйесін дәл бейнелеу тұрғысынан келгенде бізге орыс графикасынан гөрі латын алфавиті қолайлы.
Латын графикасына көшу арқылы біз тіліміздің табиғатын сақтаймыз, даму заңдылығының бұзылуына жол бермейміз, фонетикалық жүйесін қалпына келтіреміз, орфографиямызды түзеп аламыз, қысқасы өз сөзіміз өзіміздікі болады», - дейді профессор А. Абасилов.