19 қар, 2024 сағат 15:24

Ұлттық банк теңгені құтқару үшін шұғыл шаралар қабылдамақ

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Ұлттық банк пен Үкімет квазимемлекеттік сектор субъектілерін валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сатуға міндеттейтін бұйрық пен қаулы дайындауда. 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған бұл талап макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді, енді қайта іске қосылмақ. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Ұлттық банктің мәліметінше, теңгенің әлсіреуіне бірнеше факторлар әсер еткен:

  • - Доллардың жаһандық нығаюы (қыркүйек айының соңынан бері индекс DXY бойынша +5,5%),  
  • - Мұнай нарығындағы сұраныстың төмендігі мен ОПЕК+ жеткізілімдерінің өсу болжамдары,  
  • - Ішкі нарықтағы шетел валютасына сұраныстың артуы,  
  • - Бюджет пен квазимемлекеттік сектордың инвестициялық жобаларға жұмсайтын шығындарының көбеюі, бұл импортты ұлғайтты.  

Осы жағдайларды реттеу үшін Ұлттық банк квазимемлекеттік сектор компанияларын валюталық түсімдерінің жартысын сатуға қайтадан міндеттеуге шешім қабылдады.  

"Валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы мен Ұлттық Банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданады. Бұған дейін бұл талап 2023 жылдың тамызына дейін қолданыста болған, алайда макроэкономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты уақытша тоқтатылған еді. Сонымен бірге, бұл талап шоктарды бәсеңдету үшін жедел қолдануға болатын тиімді құрал болып табылады", — деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова.  


Бұл шара теңгенің құнын тұрақтандыруға және экономикалық шоктарды жеңілдетуге бағытталған.  
Айта кетейік, соңғы күндері теңгенің құны күрт төмендеп, кейбір айырбастау орындарында доллар бағамы 500 теңгеге жетті.