04 жел, 2025 сағат 16:09

Ұлттық банк: Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys концерттері Қазақстандағы қоғамдық тамақтану кірістерін арттырды

Фото: Instagram.com

Қазақстан Ұлттық банкі ақша-кредит саясаты туралы кезекті баяндамасын жариялады. Құжатта шетелдік жұлдыздардың Астана мен Алматыда өткен концерттері елдегі қоғамдық тамақтану саласының табысына оң әсер еткені атап өтілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Ұлттық банк халықаралық тәжірибеде ірі мәдени шаралардың жекелеген қалалардағы экономикалық белсенділікті жандандыратын фактор ретінде қарастырылатынын еске салады.

«Қазақстанда да осындай әсерлер орын алуы мүмкін. Мысалы, 2025 жылдың үшінші тоқсанында Астана мен Алматыда Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys сияқты әлемдік деңгейдегі орындаушылардың концерттері өткізіліп, бұл жергілікті тұтынушылық белсенділіктің артуына ықпал етуі мүмкін», – делінген баяндамада.


ҰБ бағалауынша, жұлдыздардың концерттері қоғамдық тамақтану қызметтерінің көлемін 5–11% аралығында ұлғайтқан. Ең жоғары өсім Астанада байқалды – шамамен 8,4%.

Backstreet Boys тобының Астанадағы концерті қоғамдық тамақтану қызметтерінің ғана емес, бөлшек сауда айналымының да көтерілуіне әсер еткен.

Еске сала кетейік, Дженнифер Лопес 1 тамызда Астанада, 10 тамызда Алматыда өнер көрсетті. Ал Backstreet Boys тобының концерттері 19 қыркүйекте Алматыда, 21 қыркүйекте Астанада өтті.

Бұған дейін Алматы әкімдігі Дженнифер Лопестің концертінен қанша табыс түскенін жариялаған.