02 жел, 2025 сағат 18:15

«Метро», Small, Toimart: Алматыда азық-түлік бағасын өсірген 400-ден аса кәсіпкер жауапкершілікке тартылды

Фото: Gov.kz

Алматы қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жыл басынан бері ірі және шағын сауда желілеріне қатысты жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, 420-дан астам кәсіпкерлік субъектісіне әкімшілік шара қолданды, деп хабарлайды Ult.kz.

Тексеріс Small, JLC, Galmart, Toimart, My Mart, A-store, Беккер, Carefood супермаркеті, «Food Beverage Trading» ЖШС, «Airba Fresh» ЖШС, «Good Luck Trade» ЖШС, «Mix Market Trade» ЖШС және басқа да дүкендерде жүргізілген.

Департаменттің мәліметінше, «Метро» сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке белгіленген 15% сауда үстемесін асырғаны үшін ҚР ӘҚБтК 204-4-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Компания барлық сот инстанцияларында, соның ішінде кассациялық тәртіппен шағымданғанымен, шешім өзгеріссіз қалды.

Айта кетейік, «Метро» бұған дейін де 2024 жылы дәл осы бағаны негізсіз көтергені үшін айыппұл алған. Ол кезде де сот кәсіпкерлік субъектісінің талабын қанағаттандырмай, Департамент шешімін күшінде қалдырған.

Сонымен қатар Алматыдағы «Small» және «Toimart» сауда желілері де сауда үстемесін 15%-дан асырып жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал SMALL желісінің өкілдері тексеріс кезінде Департамент қызметкерлеріне кедергі келтіргені үшін ҚР ӘҚБтК 462-бабы бойынша қосымша жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта «үй жанындағы дүкендерде» әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын негізсіз көтеретін кәсіпкерлерді анықтау бойынша кешенді жұмыс жүріп жатыр.

Жалпы Алматы қаласында сауда үстемесін арттырған кәсіпкерлерге 32 млн теңгеден астам айыппұл салынған.