20 қар, 2024 сағат 16:54

3,7 млрд теңге жымқырған: Шардара ауданында білім бөлімі басшылары ұсталды

Фото: assembly.kz

Шардара ауданында білім бөлімі басшылары мен бухгалтерлері 12 адамнан тұратын ұйымдасқан топ құрып, 2020-2023 жылдар аралығында жалған тұлғаларға жалақы аудару арқылы 3,7 млрд теңгені жымқырған деп айыпталып отыр. Қабылданған шаралар нәтижесінде 639,8 млн теңге мемлекетке қайтарылды, ал күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды, бұл туралы Ult.kz Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеу аяқталып, прокуратураға жіберілді.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлық фактілерін анықтау мен жолын кесу жұмысын жалғастыруда. Осы бағыттағы кешенді шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері 297 қылмыстық іс тіркеліп, 406 адам заң бұзушылыққа қатысы бар деп танылды.

Жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында барлық өңірде бірыңғай бухгалтерлік есеп жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе жалақы төлемдерінде «жоқ адамдарды» анықтауға және алаяқтық әрекеттерді уақтылы тоқтатуға мүмкіндік береді. 

Әкімдіктер енді білім беру ұйымдарының есеп-қисаптарын қазынашылық есептермен автоматты түрде салыстырады. Кез келген сәйкессіздіктер екі деңгейлі тексеруден өтеді. 

2023 жылдың тамыз айынан бастап Ішкі мемлекеттік аудит комитеті мен оның аймақтық департаменттері жалақының заңсыз аударылуына қатысты төлемдерді камералдық бақылаудан өткізуде. Барлық күдікті операциялар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке, білім басқармасына және аударым жасаған ұйымдарға талдау үшін жіберіледі.