Фото:Сергей Нужненко / Радио Свобода
Ресейдің Украина териториясына басып кіргеніне бүгін 1000 күн толды. Қазіргі уақытта соғыс оты ушығып тұр. «Солтүстік Кореяның Ресейге әскери күш қосуы туралы шешімі үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін тудырды» дейді сарапшылар. Енді соғыс қалай өрбиді және қашан аяқталуы мүмкін?
ULT.KZ тілшісінің сұрақтарына ҚР Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи жауап берді.
Оның пікірінше Батыс елдері мен Америка Құрама Штаттары Украинаға қару-жарақпен көмек бермеген жағдайда бұл соғыс ұзаққа созылады және Украинаның жеңіліс табу қауіпіне әкелуі мүмкін.
«Себебі, салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейдің Украинаға қарағанда экономикасы да, әскери қарулы күші жағынан да әлде неше есе басым. Сондықтан бұл жерде әлсізге көмек жасау және әділетсіз, агрессиялық соғыс ашқан елге қарсы тұру - бүкіл әлем алдындағы адамзаттық парыз деп қабылдау керек. Ал Солтүстік Кореяның Ресейге әскери күштер мен қару-жарақ беруі соғыстың жаңа сипатын тудыратын жағдай деп есептеуге болады. ATACMS ракеталарына АҚШ рұқсат бергендегі мақсаты және оны Франция мен Британияның қолдап шығуы Солтүстік Кореяның соғысқа араласуы деп бағалаған болатын», -дейді ол.
Ермұрат Бапидың айтуынша Ресейдің КХДР әскерін соғысқа тартуы соғыстың әлемдік деңгейде өршіп кету қауіпін төндіреді.
«Дегенмен ізгілікті, демократиясы дамыған елдердің ақыл-санасы үшінші дүниежүзілік соғысты тұтандырмауға жетеді деп ойлаймын. Қазір дамушы елдер, НАТО әскері немесе Батыс елдері Украинаға әскер беріп, немесе басқалай көмек беретін болса, Ресей «ядролық қару қолданамыз» деп қорқытып-үркітеді. Ресейдің ядролық қаруды «саңғырлатуы» Батыс елдерін аяғын аңдап басуға мәжбүр етіп отыр. Себебі агониялық жағдайға тап болған кезде Ресей ядорлық қаруды қолдануы әбден мүмкін. Оларда «Ресей бұл соғыста жеңіліп қалуы Путиннің және жалпы Ресейдің әлем алдындағы абыройына орасан зор нұқсан келтіреді» деген ұстанымдары бар», -дейді Е.Бапи.
Айта кетейік, кеше АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі Украинаның Вашингтоннан алған ұзақ қашықтыққа арналған ATACMS ракетасымен Ресейге соққы беруге шектеуді алып тастағаны туралы ақпарат тарады.
Алайда Джо Байден 2 айдан кейін өзінің қызметін Дональд Трампқа босатып береді. Трамп болса, соғысты бейбіт жолмен тоқтатуға уәде беріп отыр.
Бірақ Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи АҚШ бұл соғысты тоқтатуға дипломатиялық жолмен ғана емес, санкцияларды бұрынғыдан да күшейтуі қажет деп есептейді.
«Ресейдің негізінен экономикасын құрайтын мұнай мен газ ғой? Егер Ресейдің мұнай тасып жатқан сауда кемелерінің бәріне санкция салып, мұхиттарда жүруін тоқтатып, көмірсутегін сыртқа шығару мүмкіндігін шектеп тастайтын болса, осылай соғысты қаржыландырып жатқан осы табыс көздері жабылса, Ресей 1,5 жылдың ішінде тақырға отырады. Осындай қатаң әрекеттерге бару керек деп ойлаймын.
Одан кейін бүкіләлемдік банк жүйесінен Ресейді бөліп тастау қажет. Оған қазір Ресейден алатын қарызы бар елдер қарсы шығып отыр. Еуропадағы Словакия мен Венгрияны қоспағанда басқа елдердің көбінде Ресейден алатын қарызы бар. Егер әлемдік банк жүйесінен Ресейді үзіп тастайтын болса, қарызын қайтармайды деп есептейді. Сосын, олардың ірі-ірі компаниялары Ресеймен жұмыс істеп жатқаны, ол компанияларда мыңдаған адам жұмыспен қамтылғаны, олардың жұмыссыз қалу қаупі бар деген сияқты неше түрлі уәждермен қазір соғыс жағдайында әркім өзінің мұңын мұңдап, жоғын жоқпат кеткен жағдай бар. Егер әлем елдері осы тұрғыда бір ұстанымға тұрақтамаса, бұл соғыс әлі де ұзаққа созылады деп ойлаймын», -деп отыр Ермұрат Бапи.
Тағы оқыңыз: ЕНДІ СОҒЫС ӨРШИ МЕ: АҚШ УКРАИНАДАН РЕСЕЙГЕ ATACMS СОҚҚЫЛАРЫН ЖАСАУҒА ШЕКТЕУДІ АЛЫП ТАСТАДЫ
Балжан Жеңісқызы