Фото: Azattyk-ruhy.kz
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы.
Аса толқыныспен, асыға күткен “Қайрат” және “Реал Мадрид” ойыны да өтті. Біткен іске сыншы көп емес, көзге анық көрінген соң, халық тікелей эфир жүргізуші телеарналар сайтының, интернеттің дұрыс жұмыс істемеуіне реніштерін білдірді. Одан бөлек, билеттердің әділ сатылмау есебінен стадионда футболға қатысы жоқ адамдар көп болып, шын жанкүйерлер сыртта қалып “Қайрат” ойыншыларына қажет кезде қолдаудың болмағаны ойын кезінде анық көрінді.
Стадиондағы ойынды тамашалау үшін сатылатын билеттердің бағасын да, оның бөлінуін де қарсы алушы тарап, яғни “Қайрат” ФК өзі қойды. Ұйымдастырушылардың айтуынша 2000 билет VIP қонақтар мен демеушілерге бөлінген. Соншама жанкүйердің орнын алып отырған VIP қонақтар кім? Демеушілер де сонша көп емес еді. Одан бөлек ұятты ысырып қойып, әдеткі бағасына баға қосып, билетті қолжетімсіз еткен алыпсатарлар да көп болды.
Шетелдік тәжірибе
Шетелдік тәжірибеде мейлі концерт, мейлі футбол болсын алыпсатарларға жол бермес үшін әр адамның атына жеке тіркелген билет жүйесі қалыптасқан. Яғни сайт, не қосымша арқылы билет сатып алу барысында міндетті түрде адамның аты-жөні, жеке құжат нөмірі немесе ЖСН көрсетіледі. Шара болатын күні 2-3 сағат ерте келіп, сатып алушы жеке құжатын көрсетіп тұлғасын растағаннан кейін ғана қағаз билеттің өзін алады. Бізде билет сату хабарландыруында 2 билеттен артық сатылмайды, тек ЖСН арқылы деп ескертілген. Алайда алыпсатарлардың қолында сонша билет қайдан жүр? Сұрақ көп.
Тағы бір ең мықты тәсіл билеттерді арнайы қосымша арқылы сату. Мәселен әлемдік тур концерттері жиі өтетін Шығыс Азия, Орталық -Шығыс Азия елдерінде тек қосымшадағы QR код арқылы кіреді, скриншот мүлдем қабылданбайды. Әрі әр билет бір смартфонға тіркеліп, басқа құрылғыға жіберілсе код автоматты түрде өшеді. Бұл жүйе арқылы жасанды, көшірме билеттерді пайдалану мүлде мүмкін емес.
Ал егер сатып алушы келе алмайтын жағдайда алған билетін тікелей сатып алған сайтқа өткізеді. Сайт билет жетпей қалған, күту парағына тіркелген адамға сол бекітілген бағамен қайта сатады. Бұл амал кешегідей әлеуметтік желіде “бара алмайтын болдым. Менде 2 билет бар” деп шараға аз күн қалғанда әкесінің құнын сұрайтындарға кедергі болар еді.
Пайым
Үлкен той өтті. Әркім өзіне алатын сабағын алды. Футболшыларымыз өзге елге қонақ болып барарда ойыншыларымыздың соңынан бұлай бір қауым ел болып бара алмайтынымыз анық. Өз жерімізге келіп тұрғанда ел болып қолдай алмағанымыз өкінішті. Бұл алғашқы үлкен той. Келесі жолы ұйымдастырушылар стадионды ойын кезінде ысқырып, айқайлап қарсыластарға менталды қысым көрсетіп, өз жігіттерімізді әр сәтте қолдап, еңселерін тіктеп жіберетін жанкүйерлерге толтырады деп үміттенейік.
Бәрінен де әдетте эмоцияға сараң келетін орта жастағы қалталы азаматтар іште отырып, шын жанкүйерлердің қолдауы стадионның сыртында қалып қоюы өкінішті.
