16 нау, 2026 сағат 16:56

Азаматтық ұстанымыңыз берік пе?

Фото: Pinterest
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Жаңа конституция бойынша референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының алдын ала нәтижелері бойынша 9 126 850 азамат дауыс беру учаскелеріне келіп, өз азаматтық ұстанымын білдірген. Бұл дегеніміз халықтың 73,24% -ы. Оның ішінде қазақстандықтардың 87, 15%-ы  жаңа Конституцияны қолдап дауыс берген.

Азаматтық позицияға байланысты


Әдетте адамдардың сайлау, референдумға  барып дауыс беру, бермеуі оның азаматтық позициясына байланысты. Халықтың өзгеріс болады деп сенетіндері әдетте дауыс беруге белсенді қатысады. Ал үміті азайған, билікке сенімі кеткен, өзі өмірден шаршап жүрген адамдардың саяси процеске қатысуға құлқы төмендейді. 

Алайда бейтарап позицияда жүргендер де болады. Міне сол жандардың ел тағдырына араласу, араласпауына көбіне нақты саяси ұстанымнан гөрі белгілі бір жағдайлар  мен психологиялық факторлар әсер етеді.

Егер адамда сол кезеңде үміт, жай қызығушылық, өзгеріс болуы мүмкін деген сенім болса баруы да ықтимал. Ал немқұрайлылық, шаршау немесе ештеңе өзгермейді- ау деген сезім болса, бармауы да мүмкін. Бұл жерде сол күнгі шешімді көңіл күйі шешеді.

Әлеуметтік ортаның әсері де бар


Отбасы, достар, әріптестердің әңгімесі, олардың белсенділігін қайталап, жақын адамдарының ортасындағы ортақ ахуалға ілесе салуы да мүмкін. 

Сол күндері медиадағы тон, әлеуметтік желідегі пікірлер, қоғамдық талқылау деңгейі бейтарап адамдарды белсенді болуға итермелеп немесе керісінше көп айтылға бергеннен алыстатып жіберуі де мүмкін.

Уақыттың тығыздығы, жұмыстан шаршап жүруі, сол күнгі ауа райы, дауыс беру учаскенің қолайлылығы сияқты жағдайлар да бейтарап позициядағы адамдардың белсенділігіне тікелей әсер етеді. 

Пайым


Десе де қазір бейтарап позицияда жүрген кез келген жан келешекте нақты бір саяси ұстанымға келіп, тараптың бір жағына шығады. Бастысы әр адамда өз еліне, елінің келешегіне саналы түрде араласып, үлес қосуы, оның  тікелей азаматтық борышты екенін түсіну маңызды. Себебі бұл әр азаматтың  елдің болашағына жауапкершілікпен қараудың көрінісі, түптеп келгенде өзінің арының алдындағы есебі.

Динара Болат