Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "Өзбекстан, Қазақстан және Түркіменстан арасындағы үш ел мемлекет шекараларының түйісу ауданы жайлы келісімді ратификациялау туралы" заңға қол қойды. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек редакциясы хабарлады.
Заңды биыл 5 қаңтарда Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы қабылдап, 29 наурызда сенат мақұлдаған.
Үш жақты құжатқа 2017 жылы 10 қыркүйекте Самарқанда Өзбекстан, Қазақстан және Түркіменстан сыртқы істер министрлері қол қойған.
"Бұл - тарихи құжат, себебі ол үш елдің мемлекет шекарасының құқықтық жолмен реттелуіне нүкте қояды" деп хабарлаған Өзбекстан парламенті сенатының баспасөз қызметі.
Құжатта үш елдің мемлекеттік шекаралары түйісетін орын анықталып, тиісті анықтама берілген. Бұдан өзге, үш ел мемлекеттік шекарасының түйісетін орны бірлесе жасалған топографиялық картаға түсірілген.