26 мам, 2020 сағат 16:32

Оралдық кәсіпкерлер қаладағы орталық базарды ашуды талап етті

Оралдағы ірі сауда орындарының бірі – "Московский" киім-кешек, заттар сататын базарының жетпістей сатушысы санитарлық дәрігермен кездесуге жиналып, базардың ашылуын талап етті.

– Карантинді жеңілдете бастағанда бізге 18 мамырдан бастап базарымыз ашылады деген еді. Облыстық әкімдіктің өкілдерімен хат-хабар алысып, облыстың бас санитарлық дәрігері [Мұхамғали] Арыспаевпен де жеке сөйлестім. Бірақ барлық уәдеге қарамастан "Московский" базары әлі жабық, - дейді базардағы орындардың бірін жалға алған кәсіпкер Аслан Өтепов.

Өтеповтің сөзінше, 300-ден астам кәсіпкердің шетелден әкелген маусымдық тауарлары тұрып қалып, шығынға батып жатыр. Ол карантин кезінде кредиттерді төлеу уақыты кейінге шегерілгенін, бірақ жақында банктер несиені төлеуді талап ете бастайтынын, көбінде оны төлейтін табыс жоғын айтады.

- Көбінің екі сатушысы бар. Олар екі ауысыммен жұмыс істейді. Қазір барлығы жалақысыз қалды. Үш айдай болды, үйде табыссыз отыр, - дейді ол.

Базардың өкілі Елена Кармеева "Базар ашылады деп хабарлаған соң маска, қолғап, санитайзерлер сатып алған едік. Бірақ біздің базар әлі жабық. Тексерушілерге не жақпай қалғаны белгісіз. Бізге бірнеше рет тексеріс келіп кеткен" дейді.

Кармееваның сөзінше, базар иесі де қазір миллиондаған шығынға ұшыраған, себебі кәсіпкерлерден жалға алу ақшасын жинап жатқан жоқ.

Базар сатушыларымен Орал қаласының бас санитарлық дәрігері Мәдениет Танауов кездесті. Сөзінше, базарды ашу үшін маска мен қолғап қоры, ал әр сатушыда жеке санитайзер болу керек.

- Әр кіреберіске барлық келушіге арналған ортақ санитайзер болу керек. Ал ішіндегі орындардың ішін жиі желдетіп тұру керек. Барлық дәретханада сабын, бір рет қолданылатын орамал не қол кептіретін құрылғы болуы шарт. Осы талаптар орындалса, базар жақында ашылуы мүмкін. Санитарлық дәрігерлер, сатушылар мен әкімдік өкілдері кіретін жұмыс тобын жинап жатырмыз. Олар тексеріс жүргізеді. Бір-екі күннің ішінде тексереміз деп ойлаймын. Одан кейін шешім қабылдаймыз, - деді ол.

Өтепов және тағы бірнеше кәсіпкер санитарлық дәрігермен кездесуден кейін облыс әкімі Ғали Исқалиевпен кездесуге жазылу үшін аймақ әкімдігіне бет алды.

- Егер біздің базар ашылмаса, сатушылар, жалға алғандар жиналып, әкімдікке барамыз. Ол кезде қатарымызда жүздеген адам болады. Біз Конституциядағы бейбіт жиын құқығымызды пайдаланамыз, - деді Өтепов.

БҚО коронавирус тарауына байланысты 30 наурыздан бері карантин жарияланып, облыс ішіндегі қозғалысқа шектеу қойылған. Облыстағы карантин шектеулері 12 мамырдан бастап үш кезең бойынша жеңілдету жоспарланған. Үшінші кезең 25 мамырға белгіленген еді, бірақ аймақта вирус жұқтырғандар саны күрт артқандықтан, карантин 15 маусымға дейін созылды. 

26 мамырдағы ресми дерекке сай, БҚО-да 452 адамнан коронавирус табылды. 25 мамырда 38 адамға вирус жұққан. Жергілікті билік дертке шалдыққандардың көбі Ресейден келгендер деп отыр.

Азаттық