Оралда қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінен мәлім еткеніндей, «SENIMDI UI» тұтыну кооперативі ретінде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар 2021 жылдың тамыз айынан бастап жеке адамдардан 12 млн 675 мың теңгені тартқан.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 217-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Сондай-ақ өткен жылдың наурыз айынан бастап криптовалюта саласындағы инвестициялық стартап жоба ретінде «Relictum-pro» қаржы пирамидасы ұйымдастырылған.
Бұл пирамида бойынша ҚР ҚК 217-бабы 2-бөлігі 1, 4-тармақтарына сәйкес қылмыстық іс тергелуде.
«Егер тұрғындар аталған қаржы пирамидаларының заңсыз қызметінен зардап шексе, БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне +7 (7112) 53-84-27 телефоны арқылы хабарласа алады. Айта кету керек, пирамиданың негізгі мақсаты – жаңа қатысушыларды тарту. Әдетте, пирамиданың негізін қалаушы қомақты соманы жинағаннан кейін төлеуді тоқтатады және барлық ақшаны алып, ізін жасырады», деп хабарлады ведомстводан.