Мемлекет басшысы Финляндия Республикасына ресми сапарының соңында «Хиетаниеми» мемориалды кешеніндегі Карл Маннергейм бейітіне және фин солдаттарының бауырластар зиратына орнатылған «Батырлар кресі» ескерткішіне гүл шоғын қойып, фин халқының қаза тапқан перзенттерінің рухына тағзым етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Гүл шоғын қою салтанатты рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясы мүшелері де қатысты.
Қаланың Тёёле ауданында орналасқан «Хиетаниеми» мемориалды кешенінің іргетасы 1829 жылы қаланып, бүгінгі күнге дейін өмірден озған азаматтардың жер қойнына тапсыру орны саналады. «Хиетаниеми» сөзін фин тілінен аударғанда «құмды бұрым» деген мағына береді. Мемориалды кешен мұндай атауға Хельсинкидің орталығында орналасқан мүйісте болуына орай алып отыр. Кешенде лютеран, ислам, православ және еврей зираттары бар.
«Хиетаниемиде» 1939-1940, 1941-1944 және 1944-1945 жылдардағы соғыста қаза тапқан жауынгерлердің зираттарын қамтитын әскери кешен де бар. Кешеннің дәл ортасында белгісіз жауынгер мен маршал Карл Маннергеймнің зираты орналасқан.
Бүгінге дейін мемориалды кешен аумағына Финляндияның 7 президенті, танымал суретшілер, композиторлар, жазушылар, саясаттанушылар жерленген.