Нұрсұлтан Назарбаев Кемеревода болған қайғылы оқиғаға байланысты Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы Кемерово қаласының сауда және ойын-сауық орталығындағы өрт салдарынан көп адамның қаза тапқаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қаза болғандардың туыстары мен жақындарының қайғысына ортақ екенімді жеткізуіңізді сұраймын.
Зардап шеккендердің тезірек сауығып, отбасыларына оралуына тілектестік білдіремін»", - делінген жеделхатта.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, өрт салдарынан зардап шеккендердің саны 51 адамға жетті. Олардың 12-сі - ауруханада. Екеуі ауыр жағдайда жатыр. Сондай-ақ, 9 баланың қаза болғаны айтылады.
Еске сала кетейік, осыған дейін төтенше жағдайдан кейін 64 адамның жоғалып кеткені, олардың 41-і балалар екені хабарланған еді.