Жобаның ашылу салтанатына Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев, Мысырдың Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Анани, жобаның бас мердігері «Араб контракторс» компаниясының Басқарма төрағасы Мухсин Салах, Парламент депутаттары, мемлекеттік мекемелер басшылары, журналистер, тарихшы ғалымдар, белсенділер және жергілікті халық қатысты. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Мысырдың Көне ескерткіштер министрі Халед әл-Анани Каирдегі екінші ең ірі мешіт болып саналатын бабамыздың мұрасы - Каир үшін тарихи маңызды нысан екенін атап өтті.
«Бұл мешіт - саяси тұрғыдан Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынастың рәмізі. Бейбарыстың кіндік тамған жері саналатын Қазақстан басшылығы мен халқы жобаның аяқталуына үлкен мән беріп отыр. Аталған мәселе - Мысыр Президенті Абдул-Фаттах Халил әс-Сисидің 2016 жылы Астанаға сапары барысында қос мемлекет басшылары арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың бірі», - деп мәлімдеді Х. әл-Анани.
Бұған дейін жобаның архелогиялық және сәулеттік зерттеулері, сондай-ақ іргетас және жерасты жұмыстары біткенін мәлімдеген мысырлық министр мешіттің шаңырақты бөлмелерін, дәлізін, күмбезін, мұнараларын, орталық алаңын және сыртқы қабырғаларын жөндеу жұмыстары іске асырылатынын хабарлады. Жобаға техникалық бақылауды мысырлық археологтар мен тарихи сәулетшілерден құрылған арнайы комиссия жүргізеді. Аталған комиссия мешіттің ішкі бағаналарына бұған дейін пайдаланылған қызыл кірпіштерді жарамсыз деп тауып, өз түпнұсқасына ұқсас жоғары сапалы граниттік қышты пайдалануды жөн деп тапты.
Арман Исағалиев Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи байланыстардың рәмізіне айналған қазақ даласының перзенті Сұлтан Бейбарыстың мұрасын жаңғырту жұмыстарының қайта басталғанын ризашылықпен атап өтіп, Мысырдың Мемлекет және Үкімет басшылығына алғысын білдірді.
«Ортақ мұрамызды сақтауға деген Мысыр басшылығының қамқорлығын жоғары бағалаймыз. Мысырды мұсылман әлемінің орталығы, Каирді Аббасид халифатының астанасы етіп көтерген кемеңгер тұлғаның ескерткіші қайта қалпына келтіріліп, Мысырдың мұсылман әлеміндегі ерекше рөліне, Таяу Шығыстағы беделі мен абыройына тағы да бір рәміз болады деген сенімдемін», - деді қазақстандық дипломат.
Құны 12 млн АҚШ долларын құрайтын мешітті реставрациялау жобасына Қазақстан тарапынан 4,5 млн АҚШ доллары бөлінген. Ал Мысыр тарапы 100 млн мысырлық фунт аударған.
Қалпына келтіру жұмыстары 18 ай ішінде бітеді деп күтілуде.