Әділет Бисариев «Қайрат» футбол клубында жүргізуші қызметінен босатылуын ФК басшылығының қазақ тіліне қарсы болуымен байланыстырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Мен 2019 жылдан бастап «Қайрат» футбол клубында жүргізуші қызметін атқардым. 24 шілде күні басшылық мені жұмыстан шығарып жіберді. 2019 жылдан бері клубтың басшылығының жалпы қазақ тіліне немқұрайлығы барын байқадым. Бұл - өзімнің ойым. Орталық стадионда қазақ әндері қосылмайды. Ақсақал жанкүйерлер қазақша ән сұраған. Оны мен басшылыққа жеткізгенмін. «Қайраттың» диджейі басшылыққа сілтеген. Одан кейін де бұл клубта көптеген мәселе болды», - дейді ол.
Әділет Бисариевтың айтуынша, клуб басшылығы оны тіл мәселесіне байланысты ылғи қыспаққа алған.
«Бұған дейін мені жұмыстан шығаратындай себеп таппаған. Кейін «Қайраттың» жанкүйерлері мен жақсы көріп кетті. Жанкүйерлер мен үшін уайымдап жатқанына қуанып жатырмын. Демек, мен өз жұмысымды жақсы атқарып жүрмін деген ойдамын. 24 шілдеде Қайрат пен Ақсудың ойынына барғанмын. Маған ешкім ескертпеді. Микрофонды ұстайын десем, сол жерде тағы бір жүргізуші жүр. Орыс жігіт. Маған қоңырау шалып, бүгін жүргізбейсің деді. Маған ештеңе алдын ала айтылған жоқ. Неге десем, сен бұдан былай бізде жұмыс істемейсің дейді. Стадионнан шығып, бас директор Асқарға барсам, ол «Один хбеттен» саған шағым түсті дейді. Конкурсты дұрыс жүргізбедің дегісі келді. Оны мен сәтті өткізгенмін. Тағы қандай себеп десем нақты айтпайды», - деп атап өтеді журналист.
Журналист «Один хбет» өкілдеріне де барған. Алайда не үшін шағым түсіргенін нақты түсінбеген.
«Олармен сөйлесіп, мен мынадай ойға келдім: бұл менің өз ойым. Бұл кісілер қазақ тіліне қыспақ көрсеткісі келеді. Қазақ тіліне қарсы екенін көзім жетті. «Ты ведешь на тойском», «Әп бәрекелді» дейсің дейді. «Адилет, что такое ап-барекелди» дейді. Мені олар сөйлеткісі келмейді. Бұл менің өз ойым – қазақ тіліне деген қыспақ, қарсылық бұл. Енді ойын орысша өтіп жатыр. Сонда орысша түсінбейтін қазақтардың қамын кім ойлайды? Тіл үшін жаным ашып тұр. Аллаға шүкір, табысым мол. Өзім өнер азаматымын. «Қайратта» тіл мәселесі ауыр. «Қайрат» командасы өзін халық командасы деп таныстырғанымен, қазақ тілін менсінбейді, Бұл - менің өз ойым», - деді ол.
Әділет Бисариев Мәдениет және спорт министрлі Дәурен Абаевқа, құзырлы органдарға өтінішін айтып, кінәлі адамдарды жазалауды сұрап отыр.