көрнекі сурет
Талғар ауданында жануарларға қатыгездік жасады деген күдікпен 35 жастағы ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық іс қозғауға жануарларды қорғаушылардың әлеуметтік желіде жариялаған суреттері себеп болған. Қарабұлақта ит өлексесі табылған. Талғар аудандық полициясы бұл ақпаратқа ден қойып, көп ұзамай иттің 35 жастағы иесін анықтаған, ол үй жануарын өлтіргенін мойындаған.
Алматы облысы ПД баспасөз қызметі мәліметінше, тұрғын майын алу үшін итті сойғанын, оны емдік мақсатта пайдаланбақ болғанын түсіндірген.
"Ауыл тұрғыны өз итін қасақана өлтіргені анықталды. Енді ол күдікті ретінде ҚР ҚК-нің 316-бабы 2-бөлігі ("Жануарға оның өліміне алып келген қатыгездікпен қарау") бойынша жауапқа тартылады", - делінген хабарламада.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, күдіктіге ірі көлемде айыппұл салу, түзеу жұмыстары немесе елу тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.
610 рет оқылды