© Photo: pixabay/ds_30
Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында мектеп бухгалтері мекеменің 11,9 миллион теңге қаражатын құмар ойынға жұмсап жіберген, деп хабарлады Altaynews.kz.
Ол қаражатты 2018 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың шілдесіне дейін өзінің және туыстарының банк картасына аударып келген.
"Күдіктінің кінәсі экономикалық сараптаманың қорытындысымен, куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. Сотталушының өзі де кінәсін мойындады", - деп мәлімдеді аудандық соттың баспасөз қызметі.
Сот айыпталушының кінәсін мойындағанын, өкінгенін және жас балаларының барын ескере отырып, үш жарым жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.