22 шіл, 2022 сағат 16:39

Коронавируспен ауырғандардың 90 пайызға жуығы үйінде емделіп жатыр


Коронавируспен ауырғандардың 90 пайызға жуығы амбулаторлық ем алып жатыр. Бұл туралы ҚР ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күләйім Біржанова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінді таңда алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Фильтр кабинеттерімен қамтылған, санитарлық-дезинфекциялық және эпидемолоиялық режим сақтаулы. Ауырғандардың 90 пайызға жуығы амбулаторлық деңгейде ем алып жатыр», - деді Күләйім Біржанова орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, КВИ жұқтырған науқастарға уақытылы медициналық көмек көрсету үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 2 387 мобильді бригада ұйымдастырылған. 

Оның 1010-і - ауылдық жерлерде. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында бригадалар 815 423 шақыруға барған. 

Ең көп шақыру Қарағанды облысында және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тіркелген. 

Жедел медициналық жәрдем көрсету үшін 2 254 медициналық автокөлік, 33 әуе көлігі, оның ішінде 20 ұшақ пен 13 тікұшақ бар. 

Сондай-ақ 1 484 жедел медицналық жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. 

20 шілдедегі жағдай бойынша жедел жәрдем шақыру 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 9,4 пайызға артқан.