27 нау, 2018 сағат 10:46

Кемеровада өрттен қайтыс болғандар арасында павлодарлықтар бар

Ресейдің Кемерово қаласындағы «Зимняя вишня» сауда үйінде болған алапат өрт павлодарлықтардың өмірін жалмады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Бұл қайғылы ақпаратты қаза тапқандардың туған-туысқандары мен таныстары растады.

«Сауда үйінде Павлодар қаласының №16 лицейінде оқыған әпкемнің кластасы да көз жұмды. Наталья Устинова оқуын үздік тәмамдады. Ол жат жерде 4 жасар қызы Ульяна Устиновамен бірге ажал құшты», - дейді Вероника Гончарук.

Бүгінгі таңда Наталья мен Ульяна Устиновалар сауда үйінде қайтыс болған және табылғандардың тізімінде болғаны белгілі.

Айта кетейік, төтенше оқиға кезінде 57 жасар Павлодар тұрғыны, Наталья Устинованың анасы Марина Баранова да қайтыс болды. Азамат еңбек демалысына Кемерово қаласына қыдырып барған. «Павлодар-Водоканал» ЖШС қызметкерінің үш немересі де көз жұмды.

Еске сала кетсек, осыдан екі жыл бұрын Францияның Ницца қаласында болған терактіде де павлодарлық отбасы қара жамылған болатын. 50 жасар Любовь, 33 жасар Марина мен үш жасар Сильвия лаңкестік әрекеттің құрбаны болды.