Қазақстандық қажылық етушілер мінген алғашқы рейс Сауд Арабиясына барып қонды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.
Қажылық парызын өтейтін қазақстандықтар Сауд Арабиясына 9-15 тамыз аралығында барып, 1 қыркүйекке дейін елге оралады.
«Биыл қажылыққа ниет білдірген қазақстандықтарды Сауд Арабиясына тасымалдау үшін «SCAT» әуе компаниясының жеті рейсі жоспарланған. «Шымкент-Джидда» бағытындағы DV 5073 рейсі Боинг 737-700 ұшағымен жергілікті уақыт бойынша сағат 06.44-те ұшып кетті. Борт ішінде 149 қазақстандық болды. Ұшақ Астана уақытымен сағат 11:15-те Джидда әуежайына қонды. Кері қайтарда бұл қажылар 27 тамыз күні Мединадан Шымкентке ұшады», - делінген Азаматтық авиация комитетінің ресми хабарламасында.
Комитеттің хабарлауынша, қажылық етушілерді тасымалдау бойынша «SCAT» әуе компаниясының келесі «Алматы-Джидда» рейсі бүгін жергілікті уақытпен сағат 18:00-ге жоспарланған. Екінші рейстің жолаушылары 30 тамыз күні Мединадан Алматыға жеткізіледі.
Айта кетейік, биыл Сауд Арабиясына қажылыққа 3000 қазақстандық аттанады. Қазақстандық қажыларды 18 компания апарады. Өтініш бергендердің қатарына 16-89 жас аралығындағы азаматтар бар. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге барады.