Фото: polisia.kz
Қызылордалық полицейлер еліміздің үш қаласында интернет-алаяқтар тобын қолға түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері талайды сан соқтырған интернет алаяқтарды құрықтау бойынша жүргізілген арнайы іс-шараны сәтті аяқтап, жеңіл жолмен ақша табуды мақсат еткен әккі алаяқтарды қолға түсірді.
Былтыр қарашадан бастап тұрғындарға белгісіз біреулер телефон арқылы хабарласып, "жақының есірткі затымен ұсталып тұр, оны жазадан босату үшін біз айтқан есепшотқа дереу қаражат аударуыңыз керек" деп қорқытып, алаяқтық жолмен қаражаттарын жымқырып келген қылмыскерлер пайда болған. Осы күнге дейін ұқсас деректер бойынша облыс аумағында 32 қылмыстық іс тіркеліп, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеге жуықтады.
Әккі алаяқтардың қылмыстық іс-әрекеттерін әшкерелеу мақсатында Полиция департаментінің білікті қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу амалдары басталды. Тергеу нәтижесі жинақталған айғақтармен алаяқтық тәсілдердің дәлме-дәл ұқсастығын және бұл қылмыстардың барлығы белгілі бір қылмыстық топпен жасалғандығын көрсетті.
Жедел-тергеу тобы алаяқтардың іс-әрекеттерін дәлелдейтін айғақтардың жеткілікті деңгейде жиналғандығын назарға алып, 15 шілде еліміздің үш облысында, яғни Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында арнайы іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында әр облыста бір-бірімен сыбайласу арқылы алаяқтықпен айналысып келген 8 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Алаяқтардың мекенжайын тінту барысында қылмыс құралы ретінде қолданылған 17 ұялы телефон, бейтаныс тұлғалардың атына жасырын тіркелген 15 абоненттік нөмірлер, 60 азаматтың ЖСН, аты-жөні жазылған тізім, ақша айналымдарын тіркеген блокнот анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленді.
672 рет оқылды