18 нау, 2018 сағат 19:53

Қазақстанның барлық аумағында ауа райына байланысты ескерту жарияланды

Қазақстан территориясының барлық аумағында ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

Бұрын хабарланғанындай, 19 наурыз күні Ақмола облысында жауын-шашын түсіп, көктайғақ болады, боран соғады. Жел алдымен оңтүстік-батыстан, түнге қарай солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғып, екпіні 23-28 м/с-қа дейін жетеді.

Астанада 19 наурыз күні таңертең және күндіз жауын жауып, көктайғақ болады, боран соғады. Жел оңтүстік-батыстан, кейін солтүстік-батыстан секундына 15-20 метр жылдамдықпен соғып, екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді. Дауыл соғу қаупі - 90-95 %.

19-21 наурызда Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында жауын жауып, күннің жылынуына байланысты еріген қар суы жиналып, шабындықтарға жайылу қаупі бар.

19-20 наурыз күндері Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында да жауын жауып, күннің жылынуына байланысты еріген қар суы жиналып, шабындықтарға жайылу қаупі бар.

19-21 наурызда Шығыс Қазақстан облысында күндізгі ауа температурасы бірте-бірте көтеріліп, жауын жаууы мұздардың еруіне, өзен арналарын сең бууына себеп болуы мүмкін; еріген қар суы жиналып, өзен суы шабындықтарға жайылу қаупі бар.

19-21 наурызда Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында жылы ауа температурасының сақталуы және жаңбыр жаууына байланысты су деңгейі көтеріліп, шабындықтарға жайылу қаупі бар.

19-20 наурызда Алматы және Жамбыл облыстарының кей жерлерінде жауын-шашын болып, су деңгейі көтерілу қаупі бар.

Бұған дейін Қазақстанның 11 облысында су деңгейінің көтерілу қаупі бар екендігі туралы хабарлаған болатынбыз.