Алматы облысында «Байкал» тапаншасы, 2 мылтық, 10 граната және әр-түрлі калибрлі 104 оқ жасырылған орын табылған. Жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардан 3 бірлік қару мен 109 оқ-дәрі тәркіленді.
Сондай-ақ, Макаров тапаншасын сату кезінде аймақтың қылмыстық өкілі ұсталған. Оның тұрғылықты жері бойынша «қаңтар оқиғасы» кезінде Талдықорған қалалық полиция басқармасынан ұрланған тағы бір тапанша тәркіленді.
"Алматыда жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды, соның ішінде Президент резиденциясына шабуыл жасағандарды ұстау барысында "Глок" тапаншасы, 29 оқ-дәрі және 3 тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді.
Тергеудегі «Қазақстандық» ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері өз еріктерімен 39 бірлік қару, 1 дауыстық граната, 1 броньды сауыт және 98 оқ тапсырды.
Полиция органдарымен бірге «Қорған» аңшылық дүкенінен қару ұрлауға қатысы бар өңірдің тұрғындары ұсталды. Тінту барысында олардың тұрғылықты жері бойынша оптикалық нысана, тегіс ұңғылы оқпен жабдықтауға арналған станок, сондай-ақ «ASG» страйкболға арналған мылтық алынды", - делінген ҰҚК хабарламасында.
Одан бөлек, Жамбыл облысында «Калашников» автоматы, револьвер, «Сайга» карабині және 328 оқ-дәрі, Қызылорда облысында «Калашников» автоматы, «Макаров» тапаншасы, «Борз» тапанша-пулеметі, «Сайга» карабині, «Ф-1» гранатасы және 59 оқ-дәрі жасырылған орындар анықталды.
Шығыс Қазақстан облысында Полиция департаментімен бірге жасырын жерден 1 шолақ мылтық, 1 «РГ-42» гранатасы, 168 оқ-дәрі және 1 броньды сауыт алынды. Ал, Түркістан облысында полиция органдарымен бірге «Мосина» маркалы мылтық тәркілені.
Заңсыз айналымнан барлығы 61 қару, 13 граната және 1170 оқ-дәрі тәркіленді.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.