30 нау, 2018 сағат 10:29

Қазақстан мен Моңғолия арасында тікелей әуе рейсі ашылады

Ағымдағы жылы "Астана-Ұланбатыр" әуе рейсін ашу жоспарланып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қалыбек Қобландиннің айтуынша, қазіргі кезде рейсті ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. "Екі ел арасындағы күрделі проблемалардың бірі - көліктік-логистикалық байланыс. Яғни, тікелей ұшу рейстерін ашу қажет. Қазіргі кезде "Астана-Ұланбатыр" әуе рейсін ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Аманшылық болса, осы 2018 жылы екі ел арасында тікелей әуе рейсі ашылады деген жоспар бар", - деді Қ.Қобландин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, Моңғолияға апаратын автокөлік жолдары Ресей арқылы өтеді. Бүгінде "Алматы - Өлгей" мен "Астана-Өлгей" сияқты автобус қатынастары бар. Бұдан бөлек, "Өскемен-Риддер-Ташанта" атты қысқа жолмен де қатынауға болады. Аталған бағытта Қазақстан Риддерден Ресей шекарасына дейінгі учаскенің құрылысын аяқтады. Алайда Ресей Федерациясы Моңғолияға дейінгі жолды бітірмей отыр.