31 нау, 2023 сағат 12:53

Қайрат Боранбаев сот алдындағы соңғы сөзін айтты

Фото: Mcdonalds.kz

Бүгін елорданың Сарыарқа аудандық №2 сотында белгілі бизнесмен, экс-президенттің бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев соңғы сөзін сөйледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті сот, сізге өз құқығымды қорғау үшін жүгінемін. Бұл істе прокурорлардың өз қателіктерін мойындауға батылдығы жетпеді. Осы орайда жіберілген қателіктерді түзетуге, әділдік пен заңдылықты қалпына келтіруге соттың батылдығы жетеді деп үміттенемін. Өз қателіктерін мойындай алса, ол - еркін адам», – деді Қайрат Боранбаев сот алдында.

Сондай-ақ, айыпталушы «АзияГазЧунджа» және «Qazaq Gaz» арасындағы мәміледен мемлекетке шығын келген болса, оны өтеуге дайын екенін жеткізді.

«Құрметті сот, сіз - заң өкілісіз. Біздің ісімізде ұрандатушылық жоқ, біз жасаған мәміле тек коммерциялық сипатқа ие. Тергеу басталғаннан бері «АзияГазЧунджа» және «Qazaq Gaz» арасындағы мәмілені коммерциялық және заңды деп санап келдім, мүмкін мен қателескен шығармын. Сондықтан егер Qazaq Gaz мемлекет атынан бұл мәміледен шын мәнінде залал келтірілді деп есептесе, онда мен тергеу кезінде тапқан табысымды қайтаруға дайынмын. Бүгінде залал толық көлемде өтелді. Осы орайда заңды шешім қабылданады деп үміттенемін», - дейді ол.

Еске салайық, Қайрат Боранбаев өткен жылы 17 наурызда сот шешімімен 2 айға қамалған еді. Ал Астанада оған қатысты сот отырысы былтыр желтоқсанда басталған.

Қайрат Боранбаев пен оның бизнес-серіктесі Роман Наханов, сондай-ақ Qazaq Gaz АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 млрд теңге жымқырды және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деген күдікке ілінді.

Айыптаушылардың 38 миллиард теңге ақшасы, 15 жылжымайтын мүлкі, үш автокөлігі бұғатталды.

Қаржылық мониторинг агенттігі де газ экспорты кезіндегі жымқыру және қылмыстық жолмен табылған мүлікті заңдастыру істері аясында Боранбаев пен басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатқанын хабарлаған болатын.

28 наурызда өткен сот отырысында прокурор Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеуді сұрады.