Елбасы жолдауы - халқымыздың қажеттілігін қанағаттандыратын тарихи құжат. Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуіне байланысты Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасының басты әлеуметтік мәселелер жөніндегі Жолдауын талқылаған кезде «Көреген басшы елді өсіреді» деген халықтың дана сөзі еріксіз еске оралады. Бұл Жолдау расында халқымыздың қажеттілігін қанағаттандыратын тарихи құжат» деп жазады Сенат Төрағасы Твиттерде.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Елбасының әлеуметтік негізгі 5 мәселені шешу жөніндегі Жолдауы Қазақстан мемлекеттігін дамыту жолындағы ерекше тарихи кезең. Жолдау халқымыздың мүддесімен үндес келеді» деп жазған болатын.
Айта кетейік, кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялады.