13 шіл, 2022 сағат 20:05

Кәрім Мәсімовтің іздеуде жүрген інісі шекарада ұсталды


Нұрлан Мәсімов шекарадан өтпек болған жерінен ұсталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикор баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"13 шілдеде антикоррупиялық қызмет шекара қызметімен бірлесіп жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысының аумағында Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекараны жалған құжаттар бойынша өту әрекеті кезінде Нұрлан Мырзаханұлы Мәсімовті ұстады", - делінген хабарламада.

Нұрлан Мәсімов - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі.

Кәрім Мәсімов қазіргі уақытта мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекет жасады деген айыппен қамауда отыр.

Антикор Павлодар облысының бұрынғы полиция басшысы Нұрлан Мәсімовке аса ауыр коррупциялық қылмыс жасағаны үшін биыл сәуір айында іздеу жариялаған болатын. Ол туралы ақпаратқа 12 миллион теңге (25,7 мың доллар) сыйақы да ұсынған еді.

Айта кетейік, 2022 жылдың қаңтарында Мәсімов Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылған. 48 жастағы Нұрлан Мәсімов департаментті 2019 жылдың қарашасынан бері басқарған.