Фото: Polisia.kz
Қарағандыда “Арлан” арнайы мақсат қызметкерлері өз әйелі мен 2 жасар қызын кепілде ұстаған күдіктіні құрықтады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
26 сәуір сағат 12.00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Теміржол полиция бөліміне қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел тергеу тобы жіберіліп, хабарлама расталған.
"Белгілі болғандай, 24 жастағы азамат бірге тұратын 21 жастағы жары мен 2 жастағы қызын пышақпен қорқытып, күштеп ұстаған. Алайда ол ешқандай шарт қоймаған. Қаскөймен арадағы келіссөз үш сағаттан астам уақыт жүргізілді. Азамат ешқандай келіссөзге көнбеді. Кепілдіктегі адамдардың өміріне қауіп төнгендіктен, полиция қызметкерлеріне шұғыл шешім қабылдауға тура келді", – дейді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері пәтердің есігін бұзған бетте, “Арлан” арнайы мақсат қызметкерлері бірден ішке кіріп, күдіктіні қолға түсірген.
Алдын ала болжам бойынша азамат есірткіге елтіген күйде болған. Ал анасы мен қызы ешқандай жәбір көрмеген. Олар дағдарыс орталығына орналастырылып, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 126-бабы 2-бөлігі 3-пунктіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Қазір тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.