30 мау, 2022 сағат 17:45

Қаңтар оқиғасы: Қару, оқ-дәріні ұрлаған 55 адамның жазасы жеңілдеді

Қаңтар оқиғасына қатысқан 55 адамға жеңіл жаза тағайындалды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында прокурорлар соттарды бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларды тағайындауға бағыттауда. Сондай-ақ процестік келісім институты кеңінен қолданылуда. Бұл рәсімінің ерекшеліктеріне және олардың сотта қаралу тәртібіне тоқталсам, күдікті айыптауға, дәлелдемелерге, келтірілген залалмен дауласпаған кезде және жазаның түрі мен мөлшерімен келіскен жағдайда онымен кінәні мойындау туралы келісім жасалады. Мұндай істер сотта 10 тәуліктен аспайтын мерзімде қаралады және жаза осы баптың санкциясындағы ең жоғары мерзімнің жартысынан аспайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, бұл рәсім сотта істердің тезірек қаралуына мүмкіндік береді. Сотталушыларға стандартты форматтағы істерге қарағанда сот процесіне ұзақ уақыт қатысудың қажеттілігі жоқ. Қызылорда облысында 42 қылмыскерге қатысты істер кінәні мойындау туралы процестік келісім жасау арқылы сотқа жолданды. Олардың соңынан аталған рәсім аясында Алматы облысында 15 адамға қатысты қолданылды. Ақтөбеде – 3, Жамбылда – 8 және Шығыс Қазақстан облысында 3 адамға қатысты істер сотқа жіберілді.

«Қарау нәтижесінде 55 адамға қатысты үкімдер қабылданып, олар бойынша бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалар тағайындалды. Мысалы, Талдықорған қаласының тұрғыны «Glock» қарулы пистолетін, оған оқ-дәрілерді және 5 жарық-дыбыс гранаталарын ұрлаған. Аталған азамат өз кінәсін мойындады және жасаған ісіне өкінді. Сондай-ақ тергеу барысында қылмыстық қудалау органына көмек көрсетті. Осы мән-жайларды ескеріп, оған 3 жыл 6 ай мерзімге шартты жаза тағайындалды», - деді Бас прокуратура өкілі.