ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов полиция бірінші кезіккен адамдарды ұстап алды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.
«Бүгінде БАҚ-тың және қоғамның назары Алматыда орын алған резонанстық қылмысқа аударылып отыр. Бұл қылмысты жасағандар анықталып, ұсталды. Қылмыстық істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүріп жатыр. Сонымен қатар, тиісті сараптамалар да жасалуда», - деп тоқталды министрдің орынбасары.
Жақыпов әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ұсталған күдіктілерге қатысты тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
"Шындығын айтсам, біз әлеуметтік желі мен БАҚ-та тараған ақпараттарды оқып отырамыз. Бірден айтқым келеді, полиция бірінші кезіккен адамды ұстап алды деген мәліметтер шындыққа жанаспайды. Аталған қылмысты өз қолымен жасағандар ұсталды. Олардың қылмысқа қатысы барын дәлелдейтін айғақтар бар", — деді ол.
Еске сала кетейік, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.