24 сәу, 2023 сағат 13:22

Грузияның 24 азаматынан тұратын алаяқтар тобы ұсталды - ІІМ

сурет ашық дереккөзден алынды

Алматыда Грузияның 24 азаматынан тұратын алаяқтар тобы ұсталды. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Интернет-алаяқтық қылмыстарын анықтауға және ашуға, сондай-ақ ұйымдастырушылар мен қатысушыларды ұстауға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асырып жатырмыз. Мысалы, Алматы қаласында киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында интернет-алаяқтардың колл-орталығын анықтады. Жүргізілген операция барысында Грузия Республикасының 24 азаматынан тұратын топ ұсталды», - деді орталық бастығы министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар ол Астана қаласында киберқылмыспен күрес бөлімінің қызметкерлері бірқатар интернет-алаяқтық жасаған Екібастұз қаласының тумасы ұстады. Ол Instagram әлеуметтік желісінде төмен бағамен тон сату туралы хабарландыру жариялаған. Күдіктінің 26 қылмысқа қатысы анықталды. Келтірген жалпы шығыны - 4,2 млн теңге. Ал Шымкентте полиция қызметкерлері интернет-алаяқтық жасаған топты ұстады.

«Аталған адамдар Health Time фармацевтикалық компанияның клиенттік базасын ұрлап, олардың клиенттеріне қоңырау шалып, автокөлік ұтқаны туралы хабарлаған. Азаматтарға «1Х бет» букмекерлік компаниясының шоттарына аударылған салықтарды төлеу ұсынылған. Қазіргі уақытта 20 жәбірленуші анықталды. Алаяқтардың басқа құрбандарын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Аталған фактілер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», - деді Жандос Сүйінбай.