01 нау, 2023 сағат 14:41

Бауыржан Исламхан «Ордабасы» клубында ойнайды

Фото: instagram.com/islamkhan_9 

Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан ресми түрде Премьер-лигада сынға түсетін шымкенттік «Ордабасы» клубының ойыншысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шымкенттік клуб оны өз құрамына қосу үшін бұдан бұрын ойнаған Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Айн» командасының рұқсаты қажет еді. Дегенмен бұл мәселенің шешімі біраз уақыт кешіктірілді. Нәтижесінде аталған рұқсат алынып, енді Бауыржан команда сапына қосылмақ.

Айта кетейік, 2020 жылдың қыркүйек айында «Аль-Айн» командасы құрамында Азия чемпиондар лигасындағы кезекті ойынынан кейін Исламхан тапсырған допинг-сынамасы оң нәтиже көрсеткен еді. Одан тыйым салынған метилгексанамин табылып, екі жылға үлкен футболдан шеттетілді.

Ол өткен жылдың қарашасында Қазақстан ұлттық құрамасының Өзбекстан және Біріккен Араб Әмірлігі құрамаларымен өткен жолдастық кездесулеріне шақырту алды.

Бауыржан Исламхан 1993 жылы 23 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген. 2011 жылдан бері қазақстандық «Тараз», «Астана», «Қайрат», Ресейдің «Кубань», Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Айн» клубтары және ел құрамасында 311 ойын өткізіп, 74 голдың авторы атанды. Ел құрамасында 46 ойында 3 гол соқты.