05 сәу, 2018 сағат 15:39

Ержан Тәтiшевтің отбасы үндеу жариялады

Ұлт порталы поштасына "Тұран Әлем Банкінің" бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевтің отбасы атынан хат келіп түсті. Жақында ғана Тәтішев өліміне қатысты деректер қайта қаралып, 13 жылдан кейін шешім өзгерген болатын. Осы оқиғаға қатысты Ержан Тәтішев жанұясы үндеу хат жазған екен. Назарларыңызға ұсынамыз.

***

Уақытқа төтеп берген төреші – ол әділдік.

Өмірден ерте озған Ержанның жүрегіміздегі ғұмыры мәңгі бола бермек.

Көп күткен үкім күшіне еніп, қылмыскерлер өз кінәсін мойындаған бұл күнде иық сүйесіп, біздермен бірге әділ заңға үміт артып, осы күресте қолтығымыздан сүйеп, демеу болған ізгі ниетті адамдарға алғыс айтқымыз келеді. Бұл күрес табаны күректей 14 жылға созылып, ақыры әділдік уақыттың өзіне төтеп беріп, төрелігін айтты.

Сергелдеңге салған осы жылдар бойы қөңіліміз құлазып, қабырғамыз қайысты. Жан түршігерлік жауыз қылмыстар зор мәртебе, құдірет-мансап, қисапсыз ақшаның тасасында қалып, саясат сылтауымен жылы жабылып келгені жанымызға батты. Бірақ, біздердей заң күшіне сеніп, шындық үшін күрескен тілеулестер дәйім жанымыздан табылып келді. Ақыры ақ-қарасын айырған әділ тергеу, ашық сот шытырманның шиесін тарқатып, жауыздар жазасын алды.

Қолмен істегенді мойынмен көтермек керек. Ешкім де заң құрығынан құтылмайды. Ержанға қарсы қылмыстарға қатысы бар қандықол қарақшылардың бәрі де сазайын тартатынын білеміз һәм сенеміз. Әрине, бұл сенім қазаның орнын толтырып, қасіреттен арылтпас, алайда, абзал ұл, аға, жар, әке болған аяулы жаннан айырылған жарадар қөңілдерді жұбатып, жылаулы көздердің жасын тыюға сеп болары анық.

Міне, бүгінде әділдік іздеп аласұрған барша жандарға біздің айтарымыз: тұйыққа тірелдік деп, тоқтамаңыздар. Мақсатқа жетпей, тынбаңыздар. Өзгелер күдер үзсе де, күресе беріңіздер. Күрескен жетер мұратқа!

Тәтішев жанұясы!