12 нау, 2018 сағат 17:29

Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыра алады

Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталында ауыстыра алады. Бұл қызмет Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарының тұрғындарына ұсынылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Азаматтарға арналған үкімет" коммерциялық емес акционерлік қоғамның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЕЦҚ) қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЕЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса фотосурет пен қойған қолының скан-суретін де жолдап, сондай-ақ мемлекеттік баж салығын төлеу керек. 

Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы - 1,25 АЕК (3007 теңге).

"Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінен  толтырылған электрондық өтінішті және "Қызметтерді төлеу тарихы" бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек.

Сосын дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға немесе жол полициясының ТЕБ-не бара беруіңізге болады. Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет", - деп хабарлады  "Азаматтарға арналған үкімет" баспасөз қызметінің өкілдері.