20 шіл, 2018 сағат 08:47

Денсаулық сақтау министрлігі Денис Теннің диагнозын жариялады

Алматыда ұрылардың қолынан қаза тапқан Денис Тен бірнеше жерінен жарақат алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Диагноз көптеген тілінген жарақаттармен байланысты болды. Атап айтқанда, оң жақ сан мен бөксеге көптеген тілінген жара түскен. Сонымен қатар беті мен қос тізесінің буындары жараланған. Қансырау шогы салдарынан клиникалық өлім болды», - деді тілшілерге берген сұхбатында Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Оның сөзіне қарағанда, жедел жәрдем бригадасының берген түсініктемесінде спортшы көп қан жоғалтқан. Аққан қан 1х1,5 метр жерге жайылып, шамамен 3 литрді құраған. Медициналық мәліметтерге сәйкес, сандағы күретамыр тұсында магистральдық қан тамыры зақымданған кезде, қан жоғалтудың қатерлі жағдайы 2-3 минутта орын алады.

«Бұл үлкен магистральды қан тамыры. Сондықтан қан жоғалтудың көлемі қауіпті деңгейде болды. Дәрігерлердің мәліметінше, Дениске келтірілген жарақаттар өте ауыр. Бірінші кезекте, жарақат алған уақытта қан тоқтатуға арналған жгут неғұрлым ертерек салынса, соғұрлым жақсы болар еді. Сәйкесінше, қан жоғалту көлемі де аздау болады. Осыған орай оның өмірін құтқарып қалу мүмкіндігі де артар еді», - деді вице-министр.