Әйгілі мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенмен қоштасу рәсіміне Лос-Анджелестен арнайы белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин де келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Геннадий Головкин осы шара үшін Сауль Альвареспен болатын кездесуіне дайындықты тастап шыққан.
Айта кетейік, бүгін Алматы мен Астана халық Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Қылмыскер пышағынан ажал құшқан өнерлі жігітпен қоштасуға Алматы мен Астанадағы қаралы жиындарға мыңдаған адам жиналды.
Денис Тенмен қоштасу рәсімі өткен Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы мен Астанадағы "Барыс-Арена" спорт кешеніне сенбі күні келген адамдардың қарасы көп болды. Жиналғандардың арасында Қазақстанның спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері, марқұмның дос-жарандары, ресми тұлғалар, БАҚ өкілдері мен қарапайым адамдар бар.
Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.