17 шіл, 2018 сағат 11:03

Біртанов ана өлімі мәселесін реттеу бойынша Үкімет басшысынан көмек сұрады

Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бағдарламадағы 35 көрсеткіштің екеуіне қол жеткізілмеген. Оның бірі - қан айналым жүйесі мен тыныс алу ағзалары аурулары және қатерлі ісік болса, нәтижеге қол жеткізілмеген екінші көрсеткіш - ана өлімі болып отыр.

«Ана өлімі бойынша СҚО, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Түркістан облыстарының көрсеткіштері төмен. Бұл өңірлерге жүргізілген талдау бірқатар негізгі себептерді анықтады. Біріншіден, акушер-гинеколог, реаниматолог, анестезиолог дәрігерлердің тапшылығы. Екіншіден, көп өңірлерде денсаулық сақтау басқармаларында осы бағыт бойынша басшылардың болмауы. Және әрине, ең маңыздысы - жүкті әйелдердің кеш есепке алынуы. Экстрагенеталдық патология дейміз, басқа да жүйелі аурулар санының өсуі», - деп атап өтті Елжан Біртанов Үкімет отырысында.

Министр ана өлімінің алдын алу мақсатында, денсаулық сақтау басқармаларының бала көтеру жасындағы әйелдермен жұмысты күшейту қажеттігін жеткізді. Және медициналық ұйымдарда ұйымдастыру, басқару іс-шараларын жүргізу қажет. 

«Құрметті Бақытжан Әбдірұлы, сіздің өңірлердің әкімдеріне олардың қатысуымен жоғарыда көрсетілген шараларды орындау үшін, ана мен бала өлімін төмендету бойынша өңірлік штаб отырысын өткізуді тапсыруды сұраймын. Сондай-ақ, үшінші тоқсан қортындысы бойынша Үкіметте осы мәселе бойынша жеке кеңес өткізуді сұраймын», - деді министр Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа қарата айтқан сөзінде.

Айта кетейік, Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев елорда перзентханасындағы ана өлімі бойынша жауап берді.

Кеше Астананың №2 перинаталды орталығында жас босанған келіншек көз жұмды. Ол - Астана перзентханаларында қайтыс болған төртінші адам.