31 нау, 2023 сағат 12:18

Асаубаева Нью-Делидегі Гран-Приде үшінші жеңісіне қол жеткізді

Фото: fide.com

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Нью-Делиде өтіп жатқан ФИДЕ-нің әйелдер арасындағы Гран-при кезеңінде үшінші рет жеңіске жетті.

Блицтен екі дүркін әлем чемпионы, халықаралық спорт шебері Асаубаева Гран-придің 4-ші турында ресейлік Александра Горячкинадан жеңілгеннен кейін, үндістандық гроссмейстер Харика Дронавалиден басым түсті. Осы жеңістен кейін жерлесіміз 3 ұпай жинап, Горячкинамен үшінші-төртінші орынды өзара бөлісті.

Аталған сайыста әзірге 3,5 балл жинаған қытайлық Чжу Цзяньэр мен ресейлік Полина Шувалова көш бастап тұр. Бүгін Бибісара екеуімен де кездесу өткізеді.