АҚШ-та сыбайластарымен бірге адам өліміне қатысы бар деген айыппен 40 жылға сотталған отандасымыз Әсел Адығаппарова Қазақстанға әкелінбейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АҚШ-тың Сан-Антонио сотының 2003 жылғы үкімімен отандасымыз Әсел Адығаппарова өмір бойына сотталған болатын. Кейін апелляциялық сот отырысы өтіп, оған түпкілікті 40 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Әсел 1998 жылы АҚШ-қа магистратураға түсу үшін кетеді. Алайда 2001 жылы Әселдің жігіті мен досы америкалық Роза Росадоны ұрлап, қонақ үйде азаптап өлтіріп, кейін денесін көміп тастайды. Отандасымыз адам өлтіруге қатыспаса да, Розаны байлауға дүкеннен жапсырма қағаз сатып алған. Кейін ол өз аяғымен полиция бөлімшесіне барып, қылмысты мойындап, тіпті жігіті мен досының Розаны қай жерге көмгенін де айтып берген.
АҚШ соты Әселдің екі сыбайласын өлім жазасына кесті. Қазір отандасымыз АҚШ түрмесінде жазасын өтеп жатыр. ҚР Бас прокуратурасы Әсел Адығаппарова Қазақстанға экстрадицияланбайтынын кесіп айтты.
"Азаматша Әсел Адығаппарованы 1993 жылы 9 маусымдағы Шетелде қылмыстық жазасын өтеу туралы америкааралық конвенцияға немесе өзара түсіністік қағидатына сәйкес АҚШ-тан Қазақстанға ауыстыру жүзеге асырылмады", - деді ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Адығаппарова АҚШ түрмесінде сәбиін дүниеге әкелгенін айта кету керек. Бірақ баласы қайда екені белгісіз. Ал сәбидің әкесі – Әселдің сыбайласы.