14 сәу, 2023 сағат 21:12

Азамат Дәулетбеков - еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы

Фото: Спорт және Дене шынықтыру істері комитеті

Астанада өтіп жатқан сары құрлық бəсекесінде 86 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Азамат Дәулетбеков ирандық Əлиреза Каримимаханиды ұтып, еркін күрестен 2 дүркін Азия чемпионы атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ұлттық құрама көшбасшысы жартылай финалда өзбекстандық Бобур Исломовты таза ұтқан. Оның алдында Сингапурдан келген Вэн Луендің жауырынын 40 секундта жерге тигізген.

Айта кетейік, Азамат - былтыр Моңғолияда өткен сары құрлық чемпионатының жеңімпазы. Одан бөлек, тағы 1 күміс, 1 қола медалі бар.

Отандасымыздың бүгінгі қарсыласы Əлиреза Каримимаханидың Əлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, 2 дүркін Азия чемпионы деген атақтары бар.