05 шіл, 2022 сағат 14:48

Аймағамбетов бос жұмыс орындарын жасырған мектеп директорларына шүйлікті


Бос жұмыс орындарын жасырған мектеп директорлары жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бізде мектепте бар көптеген бос орынды директорлар көрсетпейді. Оны біз жақсы білеміз. Жасырып ұстайды. Тарификация жасаған кезде орын бар деп көрсетіп қояды. Бірақ заң бекіткендей, тиісті органдарға, еңбекпен қамту органдарына көрсетпейді. Ешкімге ашық айтпайсыздар. Қыркүйек айы өткеннен кейін, біраз уақыттан соң «адам келмеді, мұғалім таппадық» деп, сол бар сағаттарды іштегі жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге бөліп бересіздер. Бұл - заңсыздық. Мұндайға заңмен көзделген жауапкершілік, оның ішінде әкімшілік те жауапкершілік бар. Ол бос сағатты бөлген кезде де тәуекел көп және объективті жұмыс жүрмейді. Оны да білеміз», - деді министр.

Аймағамбетовтің айтуынша, мектептерде 1,5-2 ставкамен жұмыс істейтін мұғалімдер аз емес.

«Сонда қазақ тілі болсын, математика болсын, 1 ставканы, 16 сағатты бес адамға бөліп беруге болады. Бір сыныпта математиканы өткізген кезде екі не үш мұғалім өте ме? Мұндай заңсыздыққа қалай баруға болады? Бірнеше облыста 1,5-2 ставкамен жұмыс істейтін адам көп екен. Бір жағынан қарасақ, 40-50 пайызы 1 ставкадан артық жүктемемен отыр, оның ішінде 10-20 пайызында тіпті жүктеме жоқ. мұны қалай түсінуге болады? Жұмысқа адамдарды біз бекіткен тәртіпті бұзып алатындар болса, онда жауапкершілікке тартамыз. Мақсат - мектептерді білімді, білікті педагогтермен қамтамасыз ету. Мұғалімдерді ашық әрі әділ конкурс арқылы жұмыс алуымыз керек», - деді министр.