Фото:info.homsters.kz
Қазақстанда жыл сайын кем дегенде 80 сарбаз әскери борышын өтеп жүріп өлім құшады. Неліктен елде сарбаздар өлімі тоқтамай тұр? Мұны Ult.kz тілшісі депутаттар мен құзырлы орган өкілдерінен сұрап білуге тырысты.
Қорғаныс министрлігі өкілі "біз оны азайтуға тырысамыз" дейді, бірақ борышын өтеуге кеткен сарбаздың үйіне табытпен оралмайтынына кепілдік бере алмайды.
"Бұл қоғамда не болып жатыр, бұл соның көрінісі. Біз жолда өлім қашан тоқтайтынын айта алмаймыз ғой. Ол тоқтамайды. Әрине біз оны азайтуға тырысамыз. Сіз аман-есен үйіңізге жететініңізге кепілдік бере аласыз ба? Бере алмайсыз. Ол әр адамның белгісі. Қазір мен жолға шыққанда бірдеңе алдымнан шыға қалса кім кепілдік береді? Ешкім", -дейді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидың айтуынша әскери адам қоғамның бір бөлшегі екенін ескеруіміз керек.
"Әскерге келетін адам аспаннан топ ете түскен жоқ, ол қоғам дайындап берген жастар. Барлық кінәні Қорғаныс министрлігіне аударып тастауға болмайды. Бұл елдегі үлкен аспектідегі проблема. Суицид, басқа да проблемаларды біз қоғаммен бірге қарастыруымыз керек. Ең бастысы әскердегі әлімжеттік мәселесін қазір жою жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір бір әскери бөлімде тек қана бір уақытта шақырылған азаматтар қызмет етеді. Мысалы жылдың көктемінде немесе күзінде келгендер. Олар бір біріне әлімжеттік ете аламайды. Сондықтан әрине Қорғаныс министрлігіне қоғам тарапынан сұрақтар көп. Соңғы болып жатқан өлім-жітімге байланысты бірінші кезекте қорғаныс министрлігі жауап беруі керек деп ойлаймын", -дейді Ермұрат Бапи.
Депутат Айдос Сарым да әріптесінің сөзімен келісіп отыр. Ол әлемнің барлық елінде әскердегі өлім-жітім кездесетінін айтады.
"Ауыр техника бар жерде, ер азаматтар бас қосқан жерде, әсіресе экономикалық мәселесі бар елдерде ондай жағдай болып тұрады. Біз әр бір осындай болып жатқан жағдайды арнайылап Әскери прокуратураны, Қорғаныс министрлігін, Ұлттық гвардия, Шекара қызметін, барлығын қарастырып жатамыз. Шындап келетін болсақ, жылдағы өлім-жітім көбейіп жатқан жоқ. Үлкен жаттығулар болатын болса біреудің аяғын танка басып кетеді немесе оқ абайсызда атылып кетеді дейтін жағдайлар болып жатады. Бірақ оны қырғын болып жатыр деп айтуға болмайды. Өйткені бізде мектептерде суицид болып жатады, біреуді пышақтап жатады, басқа да жағдаяттар болып жатады. Бірақ біз мектепті жабу керек деген әңгімелер айтпаймыз ғой. Егер соңғы 5 жылдағы статистикаға назар аударсаңыз әскердегі қылмыстардың саны жылдан жылға кеміп жатыр. Біз былтыр қабылдаған лудоманияға қарсы және басқа заңдар әскерилерді қарыздан арылту, оларға кредиттік каникул беру мәселемсі осыған байланысты. Бізде ең көп өлім-жітім өкінішке қарай армияға шақырылып жатқандар арасында емес, келісімшартпен қызмет етіп жатқандар арасында болып жатыр. Яғни үлкен ұжым, әр түрлі жағдай болады, үй ішінде ұрыс болады, қарызға батады. Тіпті өткенде болған "срочниктерге" қатысты бір-екі жағдайда да баласы әкесімен ұрсысып қалған. Бұл трагедия. Бірақ өкінішке қарай мұндай жағдай тек әскерде емес. Армия дегеніміз - біздің қоғамның айнасы. Қоғамда не болып жатыр, әскерде де сол болады", -дейді Айдос Сарым.
Мәжілісмен әскери адамға құрметті арттыру қажет екенін айтып, алдағы жылдардан бастап армияның бюджетін арттыру көзделгенін жеткізді.
"Жалпы әскери азаматтың, отан қорғаушының, полиция қызметкерінің, арнайы қызметтің офицерлеріне және сарбаздарына жаңа бір құрмет. Әлемде көріп жатамыз ғой, соғыс ардагері, әскерде болған адам, офицерлерге қоғамның өзі тік тұрады. Бізде өкінішке қарай батырларымызды маңғазданып айтқан кезде "ойбай, Кенесары болған, Қабанбай батыр" дегенде мықтымыз, ал бүгінгінің Кенесарысы мен Қабанбайларына жағдай жасай алмай жатырмыз. Ол аздай оларды кемсітеміз. Артына түсеміз, қазбалаймыз, басқа етеміз. Сондықтан әскери-потриоттық заң қабылданайын деп жатыр", -дейді Айдос Сарым.
Оқи отырыңыз: «Психологиялық тұрақтылықтың төмендігі қайғылы оқиғаларға себеп болуда» — генерал Күшікбаев екі сарбаздың қазасы туралы айтты
Әскери резервтегі қызмет туралы заң қабылданбақ
Еске салайық, бүгін Мәжілісте әскери резервтегі қызмет мәселелері бойынша заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасының мақсаты жұмылдыру кезеңінде де, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезеңінде де Қарулы Күштердің әскери-оқытылған азаматтармен кепілді толық жасақталуын регламенттеу. Заң жобасында сабақтар немесе жиындар кезінде әскери қызметші мәртебесін алатын «резервтегі әскери адам» деген жаңа ұғым енгізіледі.
Депутаттар резервтегі әскери адамды басқа әскери қызметшілермен тең дәрежеде әскери қылмыстық құқық бұзушылық субъектілеріне жатқызу жөніндегі нормаларды ұсынды, сондай-ақ қылмыстық процеске қатысу кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалар айқындалды.
"Сондай-ақ, артық тәптіштеуді жою мақсатында Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерінде әскери қызметшілердің барлық түрлерін (әскерге шақыру бойынша әскери қызметшілер, келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, әскери жиындардан өту кезінде запастағы азаматтар) санамалауды болғызбай, «әскери қызметші» деген бірыңғай ұғымды пайдалану ұсынылады", -дейді Айдос Сарым.
Резервтегі әскери қызметке кіру кезінде қойылатын талаптарды, резервтегі әскери адамдардың құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың резервте әскери қызмет өткеру тәртібін реттейтін нормаларды ретке келтіру және жүйелеу үшін депутаттар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының құрылымына әскерге шақыру бойынша әскери қызметке және келісімшарт бойынша әскери қызметке ұқсастық бойынша «Резервтегі әскери қызмет» деген жаңа тарау енгізуді ұсынды.
Бұдан бөлек, депутаттар резервтегі әскери адамдарды әлеуметтік қамтамасыз ету, оның ішінде жалақы, зейнетақы төлемдері, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар мен жарналар және өзге де төлемдер мәселелерін реттейтін түзетулер ұсынды.
"Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында заң жобасында 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін жұмыстан шығарылған әскери қызметшілердің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыларын жыл сайын индекстеуді жүргізуге мүмкіндік беретін нормалар көзделген. Келісімшарт мерзімі аяқталғаннан кейін күштік құрылымдар қызметкерлерінің еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқық алу жөніндегі мәселе де оң шешілді, олардың осы мерзімге қарай еңбек сіңірген жылдары жеткілікті болады", -дейді депутат Сарым.
Айдос Сарымның сөзінше депутаттар заң жобасын заң техникасының талаптарына сәйкес келтіру бойынша түзетулер, сондай-ақ оның мазмұнын нақтылайтын және жақсартатын түзетулер енгізді.
Осылайша, заң жобасын қарау барысында Мәжіліс депутаттары бейбіт уақытта Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды ұлғайтпай, елімізде резервтегі әскери қызметті енгізуге, қойылған міндеттерді орындауға дайын азаматтардың белгілі бір санын дайындауға мүмкіндік беретін барлық қажетті нормаларды әзірлеп, енгізді, деп отыр депутат.