Фото: Ю. Ким, jambylinfo
Биыл Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне 109 ардагерге жалпы сомасы 545 млн теңгеге біржолғы материалдық көмек төленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды деп хабарлайды Ult.kz.
ҰОС-да Жеңіске үлес қосқан өзге де санаттардағы азаматтарға да 50-ден 200 мың теңгеге дейінгі мөлшерде әлеуметтік көмек көрсетілді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин бүгінгі күні ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары орталық және жергілікті деңгейде жүзеге асырылатынын айтты.
"Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төлем мөлшері базалық зейнетақы бойынша 6,5% - ға және ынтымақты зейнетақы бойынша 8,5% - ға өсті. Қабылданған шаралар халықаралық тәжірибеде ұсынылатын табысты зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін (40%) орындауға мүмкіндік берді, бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасында 54,8%-ды құрады. Басқа әлеуметтік төлемдерге қарамастан азаматтардың 19 санатына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемі жүзеге асырылады, оның негізгі алушылары егде жастағы азаматтар болып табылады (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.). Нәтижесінде, 2025 жылғы 1 мамырға Ұлы Отан соғысының ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 271 мың теңгені, Ұлы Отан соғысы уақытындағы тыл еңбеккерлерінің жиынтық мөлшері 179 мың теңгені құрады", -деп отыр ол.
Сонымен қатар вице-министрдің сөзінше барлық ардагерлерге салық салуда жеңілдіктер қарастырылған, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге мереке немесе атаулы күндерге біржолғы әлеуметтік көмек, тұрғын үй жөндеуге, отынмен қамтамасыз етуге, коммуналдық қызметтердің төлеміне көмек және қоғамдық көлікте жүруге жеңілдіктер түрінде қосымша қолдау шараларын көрсетеді.
Әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі әрбір өңірде жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шешімі бойынша бюджет мүмкіндіктеріне қарай жеке белгіленеді екен.
"Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне жергілікті атқарушы органдар ҰОС ардагерлеріне бүкіл ел бойынша біржолғы әлеуметтік көмекті 5 млн теңге көлеміндегі бірыңғай мөлшерде көрсетті", -деп отыр Олжас Анафин.