09 мам, 2025 сағат 16:23

Қазақстандықтар Францияны азат ету үшін қалай күрескен


Фото: toppress.kz

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты деректерде әлі белгісіз, бірақ өте маңызды фактілер бар. Қазақстандық партизандардың Француз Қарсыласуындағы ерлігін бүгінде екі республиканың тарихшылары мен дипломаттары зерттеп жатыр. Бұл туралы Ult.kz сайты toppress.kz тілшілерінің мақаласына сілтеме жасап хабарлайды.

Профессор Гүлнәр Меңдіқұлованың айтуынша, Францияда фашизммен кем дегенде мың қазақстандық күрескен. Бірақ олардың нақты саны әлі белгісіз.

Фото: toppress.kz

Бүгін генерал Шарль де Голль ескерткішінде алғаш рет гүл шоқтарын қою және қаза тапқандарды медальдармен марапаттау рәсімі өтті. Аталған медальмен қазақстандық жауынгерлердің үш отбасы ие болды. Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогенің қолынан Қабыш Омаров, Кадем Жұманиязов және Әшімбек Истыбаевтың ұрпақтары марапаттарға ие болды.

Майдангердің ұлы Ғабиден Омаров Франциядағы шеруде Бесінші Республиканың Тұңғыш Президенті Шарль де Голльдің Қабыш Омаровқа жеке алғысын білдіріп, оны Жауынгерлік Крест орденімен марапаттағанын айтты.

Фото: toppress.kz

Сильван Гиог мырзаның айтуынша, Оңтүстік Франциядағы нацизммен күреске қатысқан қазақстандық жауынгерерді ресми марапаттау  елімізде алғаш рет өтті:

"Бүгін біз елдеріміз арасында тарихтың ортақ тамыры бар екенін түсінеміз. Біз Францияны нацизмнен азат етуге қатысқаны үшін Қазақстан халқына алғыс айтамыз", -деді ол.


Фото: toppress.kz

Іс – шараға Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары-Бас штаб бастығы, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, дипломаттар, жауынгерлердің туыстары мен тарихшылар қатысты.