© Photo : t.me/WarLife
"Дикий" Арман атанып кеткен Арман Жұмагелдиевті қамауда ұстау мерзімі 7 маусымға дейін ұзартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 6 сәуірдегі хабарламасы бойынша, сот қаулысымен тергеу органының өтініші қанағаттандырылды. А. Жұмагелдиевке қатысты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде қамау мерзімін 2 айға, яғни 2023 жылғы 7 маусымға дейін ұзартуға санкция берілді", - делінген ресми ақпаратта.
Айта кетейік, "Дикий" Арман лақап атымен танымал Жұмагелдиевтің ұсталғаны туралы ақпарат былтыр 7 қаңтарда белгілі болған. Ол бес адамнан тұратын қылмыстық топпен бірге Алматыда арнайы операция барысында құрықталды. Ұсталған кезде күдіктілерден әртүрлі маркалы және калибрлі төрт жартылай автомат тапанша, оқ-дәрілер, суық қару мен брондалған көлік тәркіленген.
ҚР ІІМ-нің алдын ала деректері бойынша, ол былтыр желтоқсанда шетелден келген және 5-6 қаңтардағы оқиғалар кезінде Алматыда болған.