Алматыда Бостандық ауданындағы Мега сауда орталығының маңында жаппай төбелес болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Әлеуметтік желіде төбелес оқиғаның видеосы тарады.
Алматы қалалық ПД мәліметінше, 28 сәуірде түн жарымда полицияға Розыбакиев пен Есқараев көшелерінің қиылысында төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен.
"Жедел басқару орталығының қызметкерлері оқиға орнына полицияның патрульдік экипаждарын жіберіп, құқықбұзушылықты тоқтатып, қатысушылардың барлығын ұстап, Бостандық аудандық полиция басқармасына жеткізді.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Төбелеске қатысы барлардың әрқайсысының әрекетіне құқықтық баға берілетін болады" - делінген хабарламада.
Айта кетейік, төбелестің жай-жапсарын әнші Say Mo өзінің Instagram парақшасында айтып берді.
"Бір ер адам сүйіктісін ұрды. Ал менің құрбымның інісі мен оның екі досы оны жақтағысы келіп, жігіттен бұлай жасамауын өтініп, ұруын тоқтатуды сұраған. Бірақ бұл адам достарына телефон соғып, көмекке шақырған. Осыдан кейін жаппай төбелес басталды", - дейді ол.