27 мау, 2022 сағат 12:18

Алматыда қаржы пирамидасының жетекшілері сотталды


Алматыда «World Business Consulting» қаржылық пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақпарат бойынша, ұйымдастырушылар азаматтарға еншілес компаниялардың инвестициялық жобаларына қаражат салуды ұсынған. Бұл компаниялар сыйақыны алуға кепілдік берген.

"2018-2021 жж. WBC қаржылық пирамидасына жалпы сомасы 5,8 млрд теңге тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жалпы сомасы 4,1 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді.

Сот үкімімен қаржы пирамидасының жетекшілері кінәлі деп танылып, 5 жылдан 6,8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді" - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, пирамидалық схемасының тағы бес ұйымдастырушысы халықаралық іздеуге жарияланды.