07 мау, 2022 сағат 00:08

Алматыда есірткі жарнамалаған тұрғын ұсталды


Алматылық полицейлер арнайы іс-шара барысында есірткі жарнамалаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған Щ есімді азамат бұған дейін, яғни 2008 жылы есірткі қылмысы үшін сотты болған. 

«Жазасын өтеп шыққан күдікті ескі ісін қолға алып, қылмыстық заңнаманы бұзды. Ол есірткіні онлайн сатып алуға болатын ресурстарға трафареттік жарнамалар салған. Күдікті өз қылмысын мойындады. Ол бұған дейін Әуезов, Алатау және Жетісу аудандарында орналасқан ғимараттарға жазу жазған. Оған жұмыс істегені үшін электронды әмиян арқылы ақша төлеген», – дейді департаменттің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Аяғанов. 

Сонымен қатар күдіктіні тексеру барысында бірнеше сайттың мекенжайлары жазылған трафареттер мен бояулар табылды және тәркіленді. 

«Оның іс-әрекеті ҚК-тің 299-1 бабымен сараланды. Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын, прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау – үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - дейді Сағындық Аяғанов.