06 сәу, 2023 сағат 15:25

Алматы облысының тұрғыны екі жасар баласының өліміне күтушіні кінәлады

© Photo : Pexels / Tima Miroshnichenko

Алматы облысында күтуші әйелдің үйінде қалған бала қайтыс болды. Ақпаратты облыстық прокуратураның баспасөз қызметі растады.

Ведомство мәліметінше, биыл 25 наурызда Талғар аудандық полиция бөлімінің кезекшісіне әйел адамнан арыз түскен. Ол екі жасар баласы 30 жастағы күтушінің үйінде қайтыс болғанын айтып, оған шара қолдануды сұраған.

"Азаматша Ш. (бала күтуші) табыс табу мақсатында 5-6 ай бойы осы отбасында бала күтуші ретінде жұмыс істеген. Алдымен бұл факт ҚК-нің 141-бабының 2-бөлігі ("Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау") бойынша тіркелді. ​2023 жылғы 26 наурызда қылмыстық құқық бұзушылықты ҚК-нің 99-бабының 3-бөлігіне ("Адам өлтіру") қайта саралау туралы шешім қабылданды", - делінген ведомство хабарламасында.

Бүгін, 6 сәуірде Талғар аудандық полиция басқармасының тергеушісі прокуратураға күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы өтінішхат жолдады. Аудан прокуратурасы өтінішті қолдап, оны қарау үшін тергеу сотына жіберді.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі шаралар жалғасып жатыр, бірқатар сараптама тағайындалды.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.