Синоптиктер Қазақстан аумағының басым бөлігіндегі жауын-шашынды ауа райы 16-18 қазан күндері де сақталатынын болжап отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазгидрометке сілтеме жасап.
«Алдағы үш күнде Қазақстан аумағында ауа райында өзгеріс болмайды. Бұрынғысынша, Орал аймағынан бірінен соң бірі жылжып келе жатқан ауа ағындарының ықпалында болады. Сондықтан да республика облыстарының көпшілігінде жаңбыр, қар жауады, оңтүстіктегі тауларда және оңтүстік-шығыста кей жерлерде күшті жауын-шашын, көктайғақ болады, тұман түседі», - делінген хабарламада.
Көп өңірлерде ауа температурасы түнде 0 градустан минус 8°С-қа дейін төмендейді, ал күндіз 0,...+8, оңтүстік облыстарда +2...+13 айналасында болады.
«Бұл климаттық нормадан 3...6°С төмен», - дейді синоптиктер.